Тура 11 жыл бұрын, 2006 жылы 12 сәуір күні eGov.kz электронды үкімет порталы іске қосылды, деп хабарлайды "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ.
"Порталдың көмегімен құжат алу процесін жеңілдететін жаңа қызмет пен сервис саны жыл санап артып келеді. Бүгінгі таңда электронды үкіметтің инфрақұрылымы арқылы 700-ден астам қызмет пен сервис жүзеге асырылады. Электронды үкімет іске қосылғалы халыққа 168 миллионнан астам қызмет көрсетілді", – деп жазылған хабарламада.
Мемлекеттік қызметке электронды түрде қол жеткізудің мақтанышпен айтатындай артықшылықтары бар. Ең басты ерекшеліктің бірі – уақыттың үнемделуі. eGov порталының мүмкіндігін пайдалану үшін үйден және жұмыс орнынан арнайы сұранудың мүлдем қажеті жоқ. Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін 2014 жылы eGov мобильді қосымшасы пайдалануға берілген болатын.
Мобильді қосымшаның көмегімен азаматтар медициналық ұйымға тіркеуге тұра алады, шетелге шығатын кезде өз есімін борышкерлер реестрінде тексере алады, некеге тұруға электронды түрде өтініш қалдыра алады. Қазіргі кезде eGov мобильді қосымшасы арқылы төлемді қосқанда 83 қызмет түрі мен сервис қолжетімді. 2017 жылдың басында eGov мобильді қосымшасы "The world Government Summit" халықаралық саммитінде ең үздік және озат қосымша атанып, "First World Govtechineers Race-2017" премиясымен марапатталған болатын.
Қызметтердің қолжетімділігінің жеңілдеуімен қатар порталды пайдаланушылар саны да артты. Бүгінгі таңда 6 миллионнан астам тіркелуші электронды қызметті пайдаланып келеді. "Ашық үкімет" жобасы жүзеге асқалы азаматтарда нормативті құқықтық актілерді талқылауға, бюджет жобалары мен бюджет бағдарламаларының орындалуын бағалауға қатыса алады. Сондай-ақ ашық деректер порталында азаматтар ашық деректер жинағының жариялануына және өзектілігіне өтінім қалдыра алады.
"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ басқарма төрағасы Әлнұр Ермағамбетовтің айтуынша, порталдың бүгінгі қалпында жұмыс істеуі үшін үлкен жұмыс атқарылды. Негізгі инфрақұрылым жасалды. Мұнда деректер орталықтандырылған, веб-сервис деңгейінде ведомстволық жүйелерді біріктірген бірегей шлюз бар, бірегей транспорттық орта және куәландырушы орталық құрылып, аталған инфрақұрылымға кіретін бір дереккөз ретінде портал жұмыс істейді. Бүгінгі таңда үлкен ұжымнан тұратын команда мемлекеттік қызметтердің халыққа көрсетілуін оңтайландыру мен сапасын одан әрі арттыру жолында қызмет етеді.
Мемлекеттік қызмет көрсету үшін көптеген мемлекеттік органның – ақпарат иелерінің деректер қорындағы мәліметтер пайдаланылады. Азаматтар электронды үкімет порталына белгілі бір қызметті алуға сұрау салған кезде жауап мемлекеттік органның ақпараттық жүйесіндегі дерекке сәйкес құралатынын еске саламыз.