Электронды үкімет порталында қолжетімсіз болған 40-тан астам мемлекеттік қызмет анықталды

414

Оның ішінде 14 қызметтің функционалдығы қалпына келтірілген. 

Электронды үкімет порталында қолжетімсіз болған 40-тан астам мемлекеттік қызмет анықталды Фото: google.com

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Агенттік өкілінің дерегінше, азаматтар мен кәсіпкерлердің мемлекеттік қызметті алу кезінде бюрократия көріністеріне тап болу деректері әлі де кездеседі.

"2023 жылы агенттікпен 910 өтінішті қарау нәтижелері бойынша 350-ден астам қызмет алушының құқығы қалпына келтірілді. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 80,4%-ға артық. Азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерінің қалпына келтірілген құқықтарының ең көп бөлігі жер қатынастары, сәулет, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау, сондай-ақ меншік құқығы салаларына тиесілі. Кәсіпкерлерге 1,1 млрд теңге субсидия қайтарылды, 100-ден астам қызмет алушының мемлекеттік актілерін ауыстыруға бюджет қаражаты бөлінді, 60-тан астам азаматқа ілеспе жер телімдері берілді", - деп атап өтті Салауат Мүксімов.

Жүйелі талдау барысында электронды үкімет порталында жоқ болған 40-тан астам мемлекеттік қызмет анықталған, деп жалғастырды ол. 

"Мемлекеттік қызмет істері агенттігі шараларының нәтижесінде 14 қызметтің функционалдығы қалпына келтірілді, олар іске қосылғаннан бері халыққа 200 мыңға жуық қызмет көрсетілді. Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту бойынша мониторингтің нәтижесімен бюрократия белгілері бар 200-ден астам заңды тұлға анықталды. Атап айтқанда, олардың көпшілігі қызметінің өзектілігін жоғалтқан, бизнеске бәсекелестік тудырады, сондай-ақ артық кадрлар саны мен мемлекеттік органдар мен ұйымдардың функцияларын қайталайды", - деді спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу