Электрондық еңбек биржасына 4 интернет-алаңы: hipo.kz, market.kz, rabota.nur.kz және zarplata.kz қосылды. Аталған интернет-алаңдарда орналасқан бос жұмыс орындарын www.enbek.kz адресі арқылы электрондық еңбек биржасынан да іздеуге болады. Бос жұмыс орны туралы толық ақпаратты қарау үшін негізгі сайтқа кіреді, деп хабарлады еңбек және халыққа әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, жұмыс іздеу мен қызметкерлерді іріктеуде дәнекерлеу қызметтерін жүзеге асыру мақсатында Астана, Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарынан 27 жеке жұмыспен қамту агенттіктері порталда жеке кабинеттерін тіркеп, электрондық еңбек биржасын қолдануда.
Бұған дейін хабарланғандай, электрондық еңбек биржасы 2017 жылдың қазан айынан бастап Астана, Алматы, Павлодар және Шымкент қалаларының халықты жұмыспен қамту орталықтарында пилоттық тәртіпте жұмыс істеді. 2018 жылдың қаңтар айынан бастап бүкіл Қазақстан бойынша іске қосу жүзеге асырылды. Халықты жұмыспен қамту орталықтары жаңа бизнес-процесс бойынша жеке жұмыспен қамту агенттіктері мен жұмыс берушілерден www.enbek.kz порталы арқылы келген үміткерлерді іріктейтін болады.