Қазақстанның бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина 2024 жылы әлемдегі табысты ең көп тапқан он теннисшінің қатарына кірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ресейлік Forbes басылымы мәлім еткеніндей, 25 жастағы қазақстандық теннисші биыл қанжығасын 3 млн 876,915 мың АҚШ долларымен майлаған.
"Жылдың қорытындысы бойынша алтыншы орын – маусым басында Елена көздеген мақсат емес еді. Бірақ Рыбакина қиын кезеңді басынан кешірді. Түрлі себептермен сегіз рет жарыстарға қатысудан бас тартты, бапкері Стефано Вуковпен қош айтысты. Жаңа маусымға дайындықты Горан Иванишевичпен бастады. Барлық қиындыққа қарамастан, қазақстандық теннисші Штутгарт, Әбу-Даби және Брисбенде жеңімпаз атанды. Жылдың қорытынды турниріне қатысып, Арина Соболенконы ұтты.
Е.Рыбакина спорттық жолында 15,7 млн астам доллар көлемінде табыс тапты. Теннисшінің жарнамалық портфолиосында Lexus автомобиль бренді пайда болды, ол Қазақстандағы амбассадор атанды. Алайда, Еленаның көлік жүргізуге құқығы жоқ. Бұл туралы ол Штутгарт турнирінде жеңгені үшін Porsche көлігі сыйға тартылған кезде айтқан болатын", – деп жазады басылым.
Елена Рыбакина Билли Джин Кинг кубогы аясында 16-17 қарашада елордада өтетін Қазақстан – Корея матчына қатысу үшін түнде Астанаға ұшып келді.