Елена Рыбакина Майами мастерс турнирінің финалында жеңіліп қалды

637

Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Майами WTA 1000 турнирінің финалында қарсыласына есе жіберді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Елена Рыбакина Майами мастерс турнирінің финалында жеңіліп қалды Фото: meta-ratings.kz

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 12-ракеткасы, чехиялық Петра Квитовамен шеберлік байқасты.

Қарсыластар осыған дейін екі мәрте кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді.

Бұл жолы бірінші партияда есеп 4:4 болған мезетте чехиялық теннисші брейк жасап кеткенімен, Елена сол бойда таразы басын теңестірді – 5:5. Аса тартысты өткен тай-брейкте ол бес сет-пойнтты пайдалана алмады – 6:7 (14:16). Бір сағат 6 минутқа созылған бірінші сеттің өзінде Е.Рыбакина 10 эйс жасап үлгерді.

Екінші сетте П.Квитова брейкпен алға кетті – 2:0. Ақыры ол матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.

Осылайша, Елена Рыбакина Майами мастерс жарысының финалында жеңіліс тапты.

Бір сағат 42 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық теннисші 12 эйс жасап, 2 брейк-пойнттың біреуін өз есебіне жазды. Қарсыласы 5 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу