Елге қайтарылған активтерді басқару бойынша арнайы мемлекеттік қор мен басқарушы компания құрылмақ

1275

Мәжіліс бірқатар заң жобаларын жұмысқа қабылдады. 

Елге қайтарылған активтерді басқару бойынша арнайы мемлекеттік қор мен басқарушы компания құрылмақ Фото: Inform.kz

Мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау мен басқару мәселелері бойынша арнайы мемлекеттік қор және басқарушы компания құрылатын болады, деп жазады inbusiness.kz.

Парламенттің төменгі палатасы бірқатар заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Атап айтқанда, "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы", "Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы", "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы", "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы", "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобалары.

Бес құжатты депутат Магеррам Магеррамов таныстырды.

"Негізгі заң жобасы активтерді анықтау және қайтару үшін қажетті заңнамалық негіздер мен жаңа құралдардың болмауына байланысты активтерді қайтарудың тетіктерін айқындауға бағытталған. "Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" Заң жобасын әзірлеудің негізгі  мақсаты – заңсыз сатып алынған және шығарылған активтердің сақталуын, басқарылуын, өткізілуін және мемлекетке қайтарылуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдаумен, қамтамасыз ету шараларын қолданумен, шығу тегін растаумен, іздестірумен (ашумен) байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу.  Ілеспелі заң жобалар негізгі заң жобасының ережелерін жүзеге асыру мақсатында әзірленді және қолданыстағы заңнамаға бірқатар түзетулерді көздейді", - деді мәжілісмен.

"Прокуратура туралы" Конституциялық заңға, Азаматтық, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Салық, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстеріне және басқа да заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар қарастырылады, деп атап өтті спикер.
 
Жалпы саны 11 кодекс пен 13 заңға түзутулер енгізу көзделеді.

"Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" Заң жобасы және ілеспе заң жобалары қолданысқа енгізілгеннен кейін Бас прокуратураның құрылымында заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі жеке ведомство құрылатын болады, ол осы саладағы уәкілетті органның функцияларын орындайтын болады.  Бұдан бөлек мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау және басқару мәселелері бойынша арнайы мемлекеттік қор және басқарушы компания құрылатын болады", - деді Магеррам Магеррамов.

Депутаттың айтуынша, бұл қайтарылған активтерді Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға бағыттауға, осы процесте ашықтық пен тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу