Құжат бойынша, әлеуетті инвесторларға қойылатын талаптар қайта қаралды, деп жазады inbusiness.kz.
Ірі инвесторларға 10 жыл мерзімге тұруға рұқсаты бар инвесторлық визалар беріледі. Сондай-ақ азаматтарды еңбек күші жетпейтін өңірлерге көшіп баруын ынталандыру да тұжырымдаманың негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл ретте көшіп барғандарды баспанамен, әлеуметтік инфрақұрылыммен және жұмыспен қамтамасыз ету алдын ала пысықталатын болады.
Тағы бір маңызды мәселе – ол шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғау.
"Біздің отандастарымызға заңгерлік және консультациялық көмек көрсетілетін болады. Ол үшін қазақстандық азаматтар көп жұмыс істейтін елдермен екіжақты келісімдер жасалатын болады. Қай елде еңбек етсе де, біз өз азаматтарымызды қорғай алуымыз керек", — деді Премьер-Министр.
Оның айтуынша, Тұжырымдамада "бір терезе" қағидаты бойынша мигранттардың қозғалысын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру көзделген.
Ұсынылған Тұжырымдаманы бекіту бойынша дауыс беру рәсімінен кейін Әлихан Смайылов Тұжырымдамадағы бастамаларды заң жүзінде уақытылы бекітуді қамтамасыз етуді және көші-қон процестерін автоматтандыру үшін ақпараттық жүйелерді дамыту шараларын қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар Премьер-Министр өңір әкімдіктері шетелдік мамандарды тарту үшін квота белгілеу кезінде сол өңірге ең қажетті кадрлардың келуін қамтамасыз етуі және олардың жұмысына бақылауды күшейтуі тиіс екенін атап өтті.