Осы жылдың ақпан айында Ертіс өзенінің жайылмасына аңшылыққа шыққан екі азамат елікті атып алған. Олар бұл қылмыстық әрекеті үшін алдағы бірнеше жыл уақытын темір тордың арғы жағында өткізетін болды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, Павлодар облысының екі тұрғыны алдын ала келісіп, аң аулауға тыйым салынған аумаққа шыққан. Яғни, ерекше қорғалатын табиғи аумақта аң атуға барған. Ол аздай, қолдарына заң жүзінде тіркелмеген қаруды алған.
Аңшылардың көзіне үш жасар елік түскен. Бірі оны жан-жақтан қайырып, айдаған кезде екіншісі мылтықтан екі рет атып түсірген. Олар еліктің етін әкетіп бара жатқан кезде полицейлердің қолына түскен.
Ер адамдардың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 337-бабына сәйкес құқық бұзушылық болып саналады. Салдарынан мемлекетке 2,7 млн теңге көлемінде залал келтірілді.
Павлодар облыстық қылмыстыр істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта іс егжей-тегжейлі қарады. Прокурор айыпталушылардың әрқайсысын үш жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленуші тарап өкілі оны толығымен қолдады. Аңшылардың өздері кінәсін толық мойындап, өкіненін білдірді.
"Бұл қылмыс ауыр қылмыстар санатына жатады және ол үшін үш жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Айыпталушылардың кінәсі дәлелденді. Жазаны тағайындау кезінде кінәні мойындау, оң сипаттағы мінездемелер, К. – ның кәмелеттік жасқа толмаған балаларының болуы жеңілдетілген мән-жай ретінде қаралды", - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Осылайша, бұған дейін сотталған К. төрт жылға, С. Үш жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, жеті жыл аралығында аңшылықпен айналысу құқығынан айырылды.
Сот шешімі әзірше заңды күшіне енген жоқ.