Күнбағыс майының экспорты 600 мың тоннаға дейін жетіп, Қазақстан әлемдік май экспортында 8-орынға ие болды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгінде майлы дақылдар өсімдік шаруашылығының табыстылық драйверіне айналды. 2025 жылы олардың өнімі алғаш рет 4,9 млн тоннаға жетіп, 48%-ға өсті. Оның ішінде: күнбағыс – 39%-ға (1,8 млн-нан 2,5 млн тоннаға дейін), зығыр – 77%-ға (0,7 млн-нан 1,3 млн тоннаға дейін), рапс – 2,2 есеге (0,3 млн-нан 0,6 млн тоннаға дейін) артты. Сонымен қатар далалық жұмыстарды жүргізуге жылдық 5% ставкамен 12 айдан 15 айға дейінгі мерзімге жеңілдетілген кредиттер бөлінуде. Олардың қайтарымдылығы шамамен 99%-ға тең", – деді министр Үкімет отырысында.
Айдарбек Сапаровтың сөзінше, келесі маңызды қадам – қайта өңдеу.
"Осы бағытта май өңдеу зауыттарының қуатын кеңейту және технологиялық жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2024–2025 жылдары 58 млрд теңгеге жалпы қуаты шамамен 1 млн тонна болатын 4 ірі жоба іске қосылды. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында инновациялық өнім – лецитин өндіру бойынша өндірістік желі пайдалануға берілді. Солтүстік Қазақстан облысында да биылғы жылы лецитин өндіру зауыты іске қосылатын болады. Сонымен қатар алдағы үш жылда 94 млрд теңгеге 13 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Осы шаралардың арқасында күнбағыс майының экспорты 600 мың тоннаға дейін жетіп, Қазақстан әлемдік май экспортында 8-орынға ие болды", – деп атап өтті ведомство басшысы.