Еліміз бойынша аз қамтылған отбасылардың қатары азайды

1144

Еліміз бойынша аз қамтылған отбасылардың қатары азайды

Жыл басынан бері "Өрлеу" бағдарламасына 122,9 мың адам қатысты, деп хабарлады ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Бүгінгі таңда  Астана және Алматы қалаларымен қатар, 14 облыстың барлығында "Өрлеу" бағдарламасы кеңінен жүргізіліп жатыр. 1 тамыздағы жағдайға сәйкес, аталған жобаға қатысушылар саны 122,9 мыңға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,3 есеге артық. Жоба жүзеге асырылған уақыт аралығында, оған қатысушылар кірісі 3 еседен астамға өсті. Сәйкесінше, еліміз бойынша аз қамтылған отбасылардың қатары азайғаны байқалды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік көмек департаментінің директоры Арман Өмірбаевтің сөзінше,"Өрлеу" бағдарламасына елдің барлық аудан-қаласынан 150 мыңға жуық аз қамтылған отбасыны тарту жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 7 млрд теңге қарастырылған.
"Ерекше атап өткен жөн, жұмыспен қамту бағдарламасына қатысушы отбасылардың атаулы көмекпен қоса еңбекке жарамды мүшелері үшін оқу ақысын өтеу, әлеуметтік жұмыс орындарындағы жалақыға 35% субсидия, жоғары оқу орындарын бітірушілерге арналған ақылы тәжірибеден өту және дербес кәсіп ашуға несие сынды мемлекеттік көмек түрлерін алуға мүмкіндігі бар", - деді Министрлік өкілі.
"Өрлеу" мемлекеттік бағдарламасы – бұл әлеуметтік келісімшарт негізіндегі қаржылай көмек көрсету шараларының кешені. Аталған жоба  атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) жаңа үлгісін қалыптастырып, табыс көзі төмен азаматтарды қолдауға бағытталып отыр.
Жаңа сипаттағы АӘК жан басына шаққандағы күнкөріс деңгейі 50 пайыздан төмен болатын отбасыларға арналып, 2018 жылдың 1 қаңтарынан жүргізілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу