Еліміздегі білім беру ұйымдарында "Біртұтас тәрбие бағдарламасы" аясында "Ханталапай" атты мектеп жасына дейінгі балаларға арналған ұлттық ойындардың республикалық байқауы өтті. Оған 350 мыңнан астам бала қатысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Байқау аудандық/қалалық, облыстық және республикалық кезеңдерден тұрды. Мектеп жасына дейінгі балалар әртүрлі көңілді ойындарға қатысып қана қоймай, еліміздегі түрлі ұлттардың мәдени мұрасымен және дәстүрлерімен танысты. Бұл байқау халық арасында ұмыт болған, ұлттық ойындардың жандануына ықпал етеді және педагогтердің кәсіби шеберлігін арттырады", - деп атап өтті балаларды ерте дамыту институтының директоры Гүлшат Оңланбекқызы.
Байқау жеңімпаздарына жүлделі орындармен қатар келесі номинациялар берілді:
- "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар";
- "Алтын сақа";
- "Үздік ойыншылар";
- "Белсенді ойыншылар";
- "Тапқырлар мен ептілер";
- "Үздік ұйымдастырылған ойын алаңы".