2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан 96 елдің ішінен 58-орынға тұрақтаған, деп жазады inbusiness.kz finprom.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл тұста индекс неғұрлым жоғары болса, денсаулық сақтау саласы да соғұрлым сапалы екендігін айта кету керек.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 86,04 индексімен Тайвань (ҚХР) бірінші орында тұр. Үздік үштікке Оңтүстік Корея (83,04) мен Жапония (80,52) кірген.
Денсаулық сақтау саласы бойынша ең нашар индекс Мальта (38,24) елінде екен. Төмен көрсеткішке ие мемлекеттер қатарында Венесуэла (39,15) мен Бангладеш (41,74) те бар.
Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне келетін болсақ, Ресей (59,86) 59-орынға, Армения (55,74) 72-орынға, ал Беларусь (46,14) 92-орынға тұрақтады.
Денсаулық сақтау индексі – денсаулық сақтау жүйесінің жалпы сапасын, медицина қызметкерлерін, жабдықтарды, қызметкерлерді, дәрігерлерді, бағаны және т.б. бағалау. Бұл Numbeo сайтына кірушілер арасында жүргізілетін сауалнама нәтижесінде жасалады. Ағымдағы индексті құру үшін соңғы 36 айдағы деректер қолданылады. Жартыжылдықтағы индекс жылына екі рет түзетіледі.