Еліміз Қашаған мұнайынан түскен өнімнің қанша пайызын иеленіп отыр? – Министрдің жауабы

Осы сарындағы сұрақ Үкімет отырысынан соң ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Энергетика министріне бағытталды.  

Еліміз Қашаған мұнайынан түскен өнімнің қанша пайызын иеленіп отыр? – Министрдің жауабы Фото: Ақ Жайық

Министр Ерлан Ақкенженов өз кезегінде Қашаған жобасындағы Қазақстанның үлесіне тоқталып өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Халықаралық зерттеуші журналистер концорциумы Қашаған операторлар мен Қазақстан арасындағы халықаралық төреліктегі істің құжаттарына сүйеніп, "Қазақстан тарабының үлесі 2 пайыз ғана" деген мәлімет таратты. Бұл мәліметті растайсыз ба? – деп сұрақ қойды Энергетика министріне БАҚ өкілі.

Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, бұл ақпарат шындыққа сай емес. Аталған жоба бойынша ұлттық компанияның қолында 16,68 пайыз акция бар. 

– Мен сізге былай жауап берейін. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының қолында қазір бұл жоба бойынша 16,68 пайыз NCOC концорциумының акциялары бар. Сол үшін ол ақпарат дұрыс емес деп ойлаймын. Неге десеңіз, 16 пайыз болса, жалпы математикалық қисынға келмейді. Сол үшін бұл рас емес деп ойлаймын, – деді ол. 

Министр өз кезегінде "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы – Қазақстан Үкіметіне тиесілі компания" деген уәжін жеткізді. Бірақ, жоғарыда айтылған үлеске қатысты ой-пікірін айта алмайтынын ескертті. 

– Ал қазіргі үлес әділетті ме, әділетті емес пе, мен ол туралы қазір пікір білдіре алмаймын. Өйткені, Энергетика министрі лауазымындағы адаммын. Ал екі арада халықаралық төрелікте іс жүріп жатқандықтан, осы мәселе бойынша айтқан әрбір пікіріміз төрелікке әсер етуі мүмкін, – деп сөзін нақтылады Ерлан Ақкенженов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу