Еліміз полиэтилен пакеттерден бас тартады

2143

Қазақстанда күніне 15 млн дана полиэтилен қапшық пайдаланылады.

Еліміз полиэтилен пакеттерден бас тартады

Бүгін ҚР экология, геология және  табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, "Атамекен" ҚР ҰКП төрағасы Абылайхан Мырзахметов, Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығының басшысы Айгүл Соловьева полиэтилен пакеттерді пайдалануға ақы төлеуді енгізу жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжатұқа қол қою шарасында ҚР экология, геология және  табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев меморандумның біздің еліміз үшін маңыздылығын айта кетті.

"Бүкіләлемдік экономикалық форумның мәлімдеуінше, 2050 жылға қарай дүниежүзілік мұхитта балық санынан пластик саны басым болады. Соңғы 40 жылда пластмасса өндіру көлемі 15 млн тоннадан 301 млн тоннаға дейін артты. Пластиктен жасалған өнімдердің санын азайту бойынша халықаралық қауымдастықпен белсенді түрде жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күні әлемнің қырықтан астам елінде полиэтилен пакеттерді пайдалануға түрлі деңгейде тиым салынды. Қазіргі кезде ел аумағында жылына 5 млн қатты тұрмыстық қалдықтар қалыптасуда. Олардың 11-15%-ы пластмасса мен полиэтилен пакеттер. Олар қайта өңдеуге жарамайды, сол себепті жерге көміледі. Ал өздеріңіз білетіндей, пластиктің шіру мерзімі ондаған, жүздеген жылға созылады. Пластик суға түскен кезде ұсақ түйіршіктерге бөлініп, балықтар арқылы адам ағзасына енеді. Шет мемлекеттер тәжірибесін және нарықтағы жағдайды зерттеп, "Атамекен" ҚР ҰКП және қоғаммен осы мәселені талқылай келе, елімізде полиэтилен пакеттерді сатуға кезең-кезеңмен шектеу қою туралы меморандумға қол қоюға шешім қабылдадық",– деді министр.

Сондай ақ, экология министрі пакеттерден бас тарту ерікті түрде жүргізілетіндігін баса айтты.

"Сауда орындарында пакеттер тегін берілмейтін болады. Әлемдік тәжірибеде пакеттерді сату – оларды тұтынуды 30%-ға азайтады. Бұл айтарлықтай жақсы көрсеткіш. Қазір қолға берілетін пакеттің құны "0 теңге" деп көрсетілгенімен, құны сатып алатын тауарыңыздың ішінде. Әрине пакеттерден бас тарту ерікті. Бұл тек біздің экологиямызды жақсартуға бағытталған. Сауда желілері, дүкендер осы науқанға қосылады деп үміттенемін", – деп сөзін жалғады Мағзұм Мырзағалиев.

Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының басшысы Айгүл Соловьева полиэтилен пакеттерден мүлдем бас тарту қажеттігін айтты.

"Меморандумның біраз қаталдау болғанын, әрі жылдам орындалуын қалап едім. Алайда полиэтилен пакеттерге мүлде шектеу қою қазіргі кезде мүмкін емес. Оларды пайдалануға ақы төлеуді енгізу кезең-кезеңмен 2025 жылға дейін жүргізіледі, одан кейін полиэтилен пакеттерден толықтай бас тартуымыз қажет",– деді Айгүл Соловьева.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу