Оның сөзінше, туризмнің ел экономикасына қосқан үлесі 5 трлн теңге деңгейіне жеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жаза кеткен жөн, қазіргі кезде бұл салада 600 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Министрдің сөзінше, Қазақстанға келген шетелдік туристердің шығындары $2,9 млрд құраған. Бұл ретте туристік салаға тартылған инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгеге жетіп отыр. Ал салық түсімдерінің көлемі 18%-ға ұлғайып, 630 млрд теңге болды.
– Саланы одан әрі дамыту мақсатында осы жылдың наурыз айында заңнамалық түзетулер қабылданды. Атап айтқанда, туристік автобустар үшін "жасыл дәліз" тетігі енгізілуде. Бұл ұйымдастырылған туристік топтардың мемлекеттік шекарадан өту уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Визит-орталық ұғымы бекітіліп, олардың құрылуы мен жұмыс істеуіне қойылатын негізгі талаптар айқындалды. Туристік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында гидтердің, экскурсоводтардың және туризм нұсқаушыларының қызметін жүзеге асыру қағидалары бекітілетін болады, – деді Ербол Мырзабосынов.
Жаңартылған заңнама аясында балалардың мен экологиялық демалысқа ерекше көңіл бөлінген. 18 жасқа дейінгі балалар үшін ұлттық саябақтарға кіру тегін саналады. Бұл шара ішкі туризмнің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ демалыс кезеңінде өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік бермек.