Еліміз жүк тасымалын ЖИ арқылы басқаруды енгізгелі отыр

Ол арқылы жүк тасымалы кезінде туындауы мүмкін кешігулерді алдын ала анықтауға болады.

Еліміз жүк тасымалын ЖИ арқылы басқаруды енгізгелі отыр Фото: primeminister.kz

Мұндай ақпаратты New Silk Way халықаралық форумында Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Негізінен, көлік саласын цифрландырудағы негізгі міндеттердің бірі – әртүрлі ақпараттық жүйелерді өзара байланыстырып, жүк тасымалы туралы мәліметтерді бір жерге жинақтау. 

– Қазір осы бағытта Smart Data Transport салалық деректер платформасы дамытылып жатыр. Оған көлік саласындағы бірқатар ақпараттық жүйе қосылған. Жаңа дереккөздерді біріктіру жұмысы жалғасуда, – деді спикер.

Вице-министрдің сөзінше, болашақта жүк тасымалына қатысты мәліметті бір рет енгізіп, оны тасымалдың барлық кезеңінде пайдалану мүмкіндігі жасалуы тиіс. Бұл құжат рәсімдеуге кететін уақытты қысқартып, логистикалық үдерістерді жеңілдетуге мүмкіндік береді. 

Сондай-ақ, жиналған деректерді талдау үшін жасанды интеллект технологияларын пайдалану маңызды саналады. 

– Жасанды интеллект жүк тасымалының қай жерде кешігуі мүмкін екенін алдын ала анықтауға, инфрақұрылымды тиімді пайдалануға және ықтимал қауіптердің алдын алуға көмектеседі, – деп қоса кетті Жәнібек Тайжанов.

Шыны керек, халықаралық жүк тасымалын жеделдету үшін жаңа жолдар мен көлік нысандарын салу ғана жеткіліксіз болып тұр. Қолданыстағы инфрақұрылымды тиімді пайдалану, ақпарат алмасуды жеделдету және тасымалдың әр кезеңіндегі кідірістерді азайту да күн тәртібінен түспейді.

Қазіргі уақытта Қазақстан көлік саласындағы цифрлық жүйелерді біріктіру және жасанды интеллект технологияларын қолдану бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу