Еңбекке қабілеттілігінен айырылған 97,6 мың адамға 30,5 млрд теңгеге әлеуметтік төлем берілді. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері – 37 784 теңге.
"Еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем бюджет қаражаты есебінен төленетін мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. Төлем медициналық-әлеуметтік сараптама жалпы еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесін 30%-дан 100%-ға дейін белгілеген кезеңде төленеді және еңбек қызметін жалғастыруына қарамастан жүргізіледі", - делінген ведомство таратқан хабарламада.
Асыраушысынан айырылған 61,4 мың отбасы 21,3 млрд теңге сомаға төлем алды. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 40 928 теңгені құрады.
Ақпаратқа сәйкес, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша берілетін төлемдер мөлшері 8,5%-ға өсті.
"Жұмысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан тағайындалады. 2022 жылы бұл төлемді 19,1 млрд теңге сомасына 110,6 мың адам алды. Төлемнің орташа мөлшері – 44 833 теңге. Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді есептеу үшін қолданылатын табысты алмастыру коэффициенті 40%-дан 45%ға дейін арттырылды.
Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жүктілік және босану бойынша демалыстың барлық күндеріне тағайындалады. Осы біржолғы төлемді жалпы сомасы 197,9 млрд теңгеге 251,1 мың адам алды. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 809 226 теңгені құрады", - деп жазылған хабарламада.
Ведомствоның хабарлауынша, бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем 321,8 мың адамға тағайындалды. Былтыр 171,9 млрд теңге төленді. Тағайындалған әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері – 45 942 теңге.
Еске салайық, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша әлеуметтік жәрдемақы 1,5 жасқа дейін ұзартылған болатын.