"Қазан айынан бастап тұмауға қарсы жаппай вакцина егу жүріп жатыр. Еліміз бойынша тұмауға қарсы 1 806 710 адам вакцина алды. Бұл – республика халқының 9,5%. Атап айтсақ, тұмауға қарсы вакцинаны жергілікті бюджет қаражатынан 1 758 875 адам (97,3%), жұмыс берушілер есебінен 28 295 адам (1,6%) және ақылы негізде 19 540 адам (1,1%) салдырды. Вакцина алғандар арасында 14 жасқа дейінгі балалардың саны – 392 076 (21,2%), ал ересек адамдар – 1 423 287 (78,8%)", - деді Роза Қожапова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, тұмауға қарсы вакцинациядан кейін асқыну жағдайы тіркелген жоқ.
Сондай-ақ, маман аурудың алдын алу үшін келесі профилактика шараларын сақтауды ұсынды:
- адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық бөлмелерге баруды шектеу;
- бөлмелерді желдету, антисептикалық құралдарды пайдаланып, дезинфекциялық режимді күшейту;
- қолды өңдеу үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық сулықтарды пайдалану;
- науқас адамдармен байланысты шектеу, оларды оқшаулау;
- ауырғандардың 80%-ы балалар екенін ескере отырып, тұмау мен ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдырып, ұйымдасқан ұжымдарға (мектепке дейінгі ұйымдарға, мектептерге) жібермеу керек;
- медициналық көмекке уақтылы жүгіну керек.