Тарифтерді көтеруге негізгі 3 жайт әсер еткен, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазақстанның 36 энергия өндіруші ұйымы электр энергиясының шекті тарифтерін түзетуге өтінім бергені анықталды. Сондай-ақ, үш жаңа компания энергия өндіруші ұйымдар тізіміне кіру үшін тарифтерді белгілеу ұсынысын айтқан.
Министрдің бұйрығы 22 қаңтарға дейін талқылау үшін "Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталына" жарияланды.
– Алдын ала есептеулер бойынша бірыңғай сатып алушы үшін электр энергиясының құнына тарифтерді түзетудің әсері кВт/сағ үшін шамамен 2 теңгені құрайтынын көрсетеді. Қазір энергия өндіруші ұйымдардың өтінімдері қаралып жатыр. Барлық ұсыныс тұтынушылардың мүддесі мен саланың тұрақты даму қажеттілігі арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету үшін мұқият талданады, – делінген Энергетика министрінің бұйрық жобасында.
Тарифтерді көтеруге әсер еткен 3 жайт та ашық айтылып отыр. Оның ең алғашқысы – жалақының өсуі. 2024 жылы орташа жалақы 18%-ға өсіп, 425 мың теңге болды. 2025 жылы 15-20%-ға көтеріліп, 490 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
"Жалақыны көтеру білікті кадрларды тартуға және сақтауға бағытталған" делінген бұйрық жобасында.
Екіншісі – кадр тапшылығы. 2024 жылдың қаңтар айындағы мәлімет бойынша энергетика саласында 52,5 мың қызметкер жұмыс істесе, штаттық деңгейі 57 мың аған, демек 4,5 мың маманның жетіспеушілігі бар.
Үшінші себеп – жанармай мен материалдар бағасының өсуі. Көмірдің, газдың және оларды тасымалдаудың, металл және жөндеу жабдықтарының қымбаттауы да – шығындардың негізгі факторы.