Әрі олардың 97 пайыздан астамы сайлау қорытындысынан соң ауыл әкімі болған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мұндай деректі Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен жиында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков айтып берді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елде ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау жүйесі енгізілді. 2021-2024 жылдары 2 641 әкім сайланды. Олардың 70 пайыздан астамы бұл лауазымға алғаш рет келді. Жалпы алғанда, 97 пайыздан астам ауыл әкімдері сайлау арқылы қызметке келді, – деді ол.
Вице-министр Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен "Аманат" партиясы Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен қалалар, ауылдар мен кенттер әкімдерін қайта даярлау бағдарламасын әзірлегенін ерекше атап өтті.
– Бағдарламаның негізгі мақсаты – жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерін тиімді шешу, әкімдердің кәсіби және басқарушылық құзыреттілігін арттыру арқылы өңірлердің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Оқу қорытындысы бойынша қатысушылар ауылдық округтердің экономикалық дамуының бағдарламаларын әзірлейді. Қазіргі уақытта бағдарлама аясында 17 өңірден 1 815 ауыл әкімі білім алып жатыр, – деп қоса кетті ол.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда биылдан бастап барлық аудан әкімін халық тікелей сайлайтынын айтқан еді.