Елімізде 13,8 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді

255

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. 

Елімізде 13,8 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді Фото: inbusiness.kz

2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 870 шетел азаматы еңбек етеді, деп жазады inbusiness.kz сайты Министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Шетел жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 374 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2742 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 6124 және 637 адам. Сондай-ақ, маусымдық жұмыстарға 2183 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1810 адам тартылды", - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта, Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 690 жұмыс беруші бар. Оларда 464 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс етеді. Бұл қызметкерлердің жалпы санының 97%-ын құрайды.

"Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 3 460 адам (24,9%), ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 649 адам (11,8%), өңдеу өнеркәсібі – 1 300 адам (9,3%), тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 266 адам (9,1%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 782 адам (5,6%)", - делінген баспасөз хабарламада.

Сондай-ақ, еңбек мигранттары келетін негізгі елдердің қатарына Қытай – 4131 адам (29,7%), Үндістан – 1281 адам (9,2%), Түркия – 1249 адам (9%) және Өзбекстан – 969 адам (6,9%) кіреді.

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2023 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,24% немесе 22 260 бірлік мөлшерінде белгіленді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу