Елімізде 14 баланың құқығы бұзылған

1503

Деректі БҒМ Балалардың құқығын қорғау комитеті анықтады.  

Елімізде 14 баланың құқығы бұзылған

Қазақстанда кәмелетке толмаған 14 баланың құқығы бұзылған, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Жұмыс берушілер еңбек шартын жасамастан 14 жасөспірімді жұмысқа тартқан. Олар күні бойы жұмыс істеген. Бұл балалар еңбегін қанауға қарсы ұлттық ақпараттық науқан барысында белгілі болды.

"Ақпараттық науқан барлық өңірде жүргізілді. Түсіндіру жұмыстары барысында Түркістан, Қарағанды және Ақмола облыстарында балалар еңбегін заңсыз пайдалану фактілері анықталды. Дәмханада даяшы және құрылыс алаңдарында жұмысшы болып еңбек еткен 14 жасөспірімнің құқығы бұзылды. Жұмыс берушілер оларды заңсыз негізде толық жұмысқа тартқан",– деді Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев. 

Оның айтуынша, заң бойынша 14-18 жас аралығындағы кәмелетке толмағандар үшін қысқартылған жұмыс уақыты белгіленуі керек. Сондай-ақ жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен еңбек шарттары жасалмаған

Балаларды еңбекке заңсыз тарту фактілері анықталғаннан кейін жұмыс берушілермен және кәмелетке толмағандардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Айта кетейік, Еңбек заңнамасына сәйкес, 14 жасқа толған оқушыларға оқудан бос уақытта жұмыс істеуге рұқсат берілген. Алайда 14-16 жас аралығындағы балалар аптасына 24 сағаттан, 16-18 жастағы жасөспірімдер аптасына 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі шарт. 

Сонымен қатар жұмыс беруші кәмелетке толмаған баланың өзімен, оның ата-анасымен, қамқоршысымен немесе бала асырап алған ата-анамен еңбек шартын жасауға міндетті.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу