Қазақстан локомитивтердің тозу деңгейі 61 пайызды құрады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тақырыбына арналған Үкімет сағатында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Шет ел аумағында терминалдарды қалыптастыру мәселесімен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы айналысып жатыр. Бұл компанияның ел ішінде де шешілуді талап ететін өзекті мәселелері бар. Олардың бірі – жеткілікті локомотив паркін жасақтау. Қазіргі уақытта паркте 1 мың 807 локомотив бар. Тозу деңгейі – 61%. Естеріңізде болса, 2022-2023 жылдары локомотивтердің жетіспеушілік фактілері болды. Олардың қажетті санын қамтамасыз ету мақсатында былтыр 113 және биыл 185 локомотив сатып алынды", – деді М. Қарабаев.
Оның айтуынша, алдағы үш жылда тағы 257 локомотив жеткізіледі, бұл тапшылықты толығымен жоюға және тозу деңгейін 61%-дан 44%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
"Вагон паркіне келетін болсақ, Қазақстан темір жолы тарапынан 3 мың ашық вагон және 2 мың платформа қосымша сатып алынып жатыр. Бұл ретте, нарықта 300-ден аса жеке оператор бар, олардың балансындағы 140 мыңға жуық жүк вагоны жүріп тұр. Бұл парк қажет тасымалды толық қамтамасыз етуге жеткілікті", – деді министр.