Елімізде 15 млн тонна астық жиналды

747

Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау жұмыстары келесі аптада аяқталады.

Елімізде 15 млн тонна астық жиналды

Биылғы жыл еліміздің агроөнеркәсіптік кешені үшін күрделі болды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты қиындықтар туындады. Бірақ мұндай жағдайлар тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде, соның ішінде Канада, АҚШ, Ресей сияқты әлемдік астық державаларында да байқалады. Бұған қарамастан, егін жинау уақтылы басталды. Бүгінгі таңда егін жинау қарқыны былтырғыға қарағанда жоғары. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Спикердің айтуынша, бұған шаруалар бірқатар бағыт бойынша негізгі ресурстармен толық көлемде қамтамасыз етілуі септігін тигізді. Атап айтқанда жанар-жағар май, техника, тұқым, тыңайтқыш уақытылы әзірленген. 

"Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін астық жинау комбайндарының паркі жеткілікті. Жаңару қарқыны жылдан жылға артып келеді. Ағымдағы жылдың 6 айында "ҚазАгроҚаржы" АҚ желісі бойынша аграршылар 83 млрд теңге сомасына 4,5 мың бірлік техника сатып алды, бұл 2020 жылдың ұқсас кезеңінде сатып алу көлемінен 2 есе көп. Отандық техниканы субсидиялаудың жаңа бағдарламалары есебінен жаңа техника сатып алу көрсеткішінің өсуіне қол жеткізілді. Бұрын инвестициялық субсидия 25% болатын, себебі машина құралдары мен металл қымбаттап, инвестициялық субсидия 30%-ға дейін өсті. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 400 мың тонна кепілдендірілген және арзандатылған жанар-жағар май бөлінді. Шілде айынан бастап өндірушілер кестеге сәйкес дизель отынын алды, қыркүйек айында жеткізілімдер бойынша іркілістер болғанын мойындау керек. Бүгінгі таңда мәселе шешілді. Жөнелту кестеге сәйкес жүргізілуде", – деді вице-министр. 

Егінге келетін болсақ, биылғы жылы егіс алқабы 23 млн гектарды құрады, бұл былтырғы алаңнан 322 мың гектарға артық. 

"Жедел деректерге сәйкес, бүгінгі күні республика бойынша 15,5 млн гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды немесе 97,9%-ы. Орташа өнімділік гектарына 9,7 центнерді құрайды, 15 млн тонна астық бастырылды, оның ішінде 11,7 млн тонна бидай. Сондай-ақ қазіргі уақытта көкөніс, картоп, бақша, майлы дақылдар мен мақта жинау жүргізілуде", – деді ведомство өкілі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу