Елімізде 17 мыңға жуық бала үйде білім алады

Бұл туралы Үкімет сағатында Құрылтай депутаты Олжас Құспеков айтты.

Елімізде 17 мыңға жуық бала үйде білім алады Фото: zhaikpress.kz

Оның сөзінше, Қазақстанда 7 миллионға жуық бала бар, бұл – халқымыздың үштен бірі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Біз баланың құқығын заңмен қорғаймыз. Бірақ сол құқықтың күнделікті өмірде толық жүзеге асуына қаншалықты кепілдік бере аламыз? Бүгінгі талқылаудың негізгі мәселесі осы деп ойлаймын.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған "Қазақстан балалары" тұжырымдамасы – балаларға қатысты барлық саланы алғаш рет бір жүйеге біріктірген құжат. Оны әзірлеу барысында 71 жүйелі мәселе анықталып, оларды шешу үшін 158 іс-шара мен 10 нысаналы индикатор белгіленді, – деді ол. 

Құрылтай депутаты біз үшін басты өлшем "бала қажетті көмекті уақытында ала ма? Жанында білікті маман бар ма? Ол қауіпсіз ортада ма?" деген сауалдар болуы керегін айтады. 

– Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың (ПМПК) есебінде 237 мың бала тұр, оның 215 мыңы арнайы қолдаумен қамтылған. Тұжырымдамада бұл бағытта ауқымды шаралар көзделген.

Әсіресе 0 мен 5 жас аралығындағы балаларға мемлекет кепілдік беретін ерте араласу қызметтерінің базалық пакетін әзірлеу – өте маңызды шешім. Енді осы шаралардың барлық өңірде, ауылдарда бірдей іске асуы маңызды.

Бүгінде елімізде 17 мыңға жуық бала үйде білім алады. Медициналық көрсетілім болса, үйде оқыту, әрине, сақталуы керек. Бірақ талдау көрсеткендей, кей балалар денсаулығына байланысты емес, мектепте оларға қажетті жағдай жасалмағандықтан үйде отыр. 

Мектептің дайын болмауы баланы қоғамнан оқшаулауға себеп болмауы тиіс. Сондықтан үйде оқыту туралы берілген қорытындылардың қаншалықты негізді екенін қайта қарап, мүмкіндігі бар әр баланы мектепке қайтару үшін жағдай жасау қажет, – деді ол. 

Олжас Құспеков баяндамасында мұнан да өзге маңызды тақырыптарға тоқталып өтті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу