Республикада жалдамалы жұмыскерлер саны 7,1 миллион адамға жетті. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша еңбек нарығында тұрақтылық байқалады және жұмыссыздық деңгейі 4,6% мөлшерінде сақталды. Жұмыспен қамтылғандардың өсуін жалдамалы жұмыскерлер қамтамасыз етті, олардың саны 7,1 миллион адамға жетті, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны – 2,1 млн адам", – деді вице-министр.
Асқар Биахметов еңбек нарығындағы негізгі трендтерге тоқталды.
"Біріншіден, бұл цифрландыру және автоматтандыру. Кәсіптердің көбісі цифрлық дағдыларды талап етеді. Екіншіден, платформалы жұмыспен қамту және электрондық сауда – адамдардың көпшілігі онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейді, фриланспен, электрондық саудамен айналысады. Үшіншіден, халықтың саны өсіп келеді. Нәтижесінде жастардың еңбек нарығына келуі жыл сайын артуда. Болжам бойынша 2035 жылға дейін жылына 360 мың адамға дейін өседі. Бұл еңбек нарығына қосымша салмақ түсіреді", – деді Еңбек вице-министрі.