Бүгін бүкіл Қазақстан бойынша 2025 жылғы бірінші ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Ол 10 ақпанға (қоса алғанда) дейін жалғасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоғары білім және ғылым министрлігінің мәліметінше ҰБТ-ға 167 мыңға жуық адам өтініш берген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 31 мыңға көп.
Өтініш бергендердің басым бөлігі математика-физика, биология-химия бейіндік пәндер комбинациясын таңдаған болса, ең аз таңдау орыс тілі-орыс әдебиеті, химия-физика комбинациясында.
Еске салайық, ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде "Қазақстан тарихынан" 20 тапсырма, "Оқу сауаттылығынан" 10 тапсырма, "Математикалық сауаттылықтан" 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.