Елімізде 22 мыңға жуық шетелдік азамат ресми жұмыс істеп жүр

1089

76,2 мың шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 9 мыңы республикадан тыс жерлерге шығарылған.

Елімізде 22 мыңға жуық шетелдік азамат ресми жұмыс істеп жүр

Ішкі істер органдарының мәліметінше, биыл 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанға 5,6 млн адам кірген. Ал 200 елден келген 5,3 млн шетелдік шығып кеткен. Бұл сандарды "Қазақстандағы көші-қон: проблемалар, тенденциялар, перспективалар" дөңгелек үстелінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.  

"Ішкі істер органдарында 1,2 млн, оның ішінде: ТМД елдерінен – 1,1 млн, алыс шетелдерден – 95 мың шетелдік тіркелген. 2 210 жұмыс берушіде 22 мыңға жуық шетел азаматы Шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы бойынша еңбектенуде", – деді Біржан Нұрымбетов.

Ол сондай-ақ, 76,2 мың шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 9 мыңы республикадан тыс жерлерге шығарылғандығын, заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактілері бойынша 43 және елден шығарып жіберу туралы шешімдерді орындамағаны үшін 110 қылмыстық іс қозғалғандығын айтып өтті.

Өзбекстаннан (46%), Қытайдан (34%), Монғолиядан (7%) және Түрікменстаннан (7%) барлығы 13 мыңға жуық этникалық қазақ тарихи отанына оралды.

"Қазақстан транзиттік, межелі, ал кейінгі кезде көшіп-қонушылардың шығу елі болып табылатындықтан, бізді бақылаусыз жаһандық көші-қон мәселесі алаңдатып отыр. Реттелмейтін көші-қонның көлемі мен құрамын бағалау оңай емес, сондықтан халықаралық және өңірлік деңгейде деректерді жинау жүйесі мен бірыңғай тәсілдерді қалыптастыру бірінші кезектегі міндет болып табылады", – деп атап өтті Біржан Нұрымбетов.

Министр аралас көші-қон ағындарының нәтижесінде туындайтын көптеген мәселелерді шешу, сондай-ақ өңірлік ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қазақстан Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйыммен және БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасымен бірлесіп 2011 жылы "Алматы процесі" атты өңірлік диалогты бастағанын еске салды. Оған Ауғанстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия және Түркменстан қосылады, бақылаушылар ретінде Иран пен Пәкістан қатысады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу