Шылымды қалалықтарға қарағанда ауыл тұрғындары көп пайдаланатыны белгілі болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мамандар темекі бағасы қанша қымбаттаса да, оны сатып алатындар саны азаймай тұрғанын айтады.
Ұлттық статистика бюросы жүргізген сауалнама қорытындысынан соң ересек тұрғындар арасында темекі шегуге қатысты біраз дерек жарияланды.
– Зерттеу нәтижесінде сауалнамаға қатысқан үй мүшелерінің жалпы санынан қазіргі уақытта халықтың 20,7% (2023 жылы – 20,4%) немесе ерлердің 39,8%, әйелдердің 7,6% темекі шегетіні белгілі болды. Ауылдық жерлерде темекі тартатындардың үлесі – 22,3%, қалалық жерлерде 20%-ды құрады. Темекі шегетін халықтың жалпы санының 83,7% өнеркәсіпте жасалған темекіні пайдаланады. Өңірлер арасында темекі шегушілердің ең көп үлесі Шығыс Қазақстан облысында (27,6%) тіркелді.
Үйде темекі түтінінің әсеріне жалпы халықтың 9,2% ұшырайды, оның 8,5%-ы – темекі шекпейтіндер, сондай-ақ жұмыста темекі түтініне халықтың 6,6%-ы тап болады, оның 6,2%-ы – темекі шекпейтіндер, – деп жазады Ұлттық статистика бюросы.
Жалпы халық санына шақсақ, елімізде шамамен 3 миллионнан аса шылым тартатын адам бар. Дәл осыған сәйкес мәліметті беделді зерттеу орталығы Euromonitor да келтіреді. Олар 2024 жыл басталғанда Қазақстанда 3,3 миллион ересек темекі шегетін адам бар екенін атаған.
Айта кетейік, 2020 жылдан бастап Ұлттық статистика бюросы елдегі ересек тұрғындардың темекіні тұтынуы бойынша зерттеу жүргізіп келеді. Бұл Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша жүзеге асқан.