Елімізде 3 млн-ға жуық отбасы көмекке мұқтаж

502

Баланың әл-ауқаты отбасының әл-ауқатымен тікелей байланысты.

Елімізде 3 млн-ға жуық отбасы көмекке мұқтаж Фото: gov.kz

ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева республиканың 152 ауданында Отбасын қолдау орталығын ашуды ұсынды, деп жазады inbusiness.kz. 

Динара Зәкиева кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды. 

Ол қабылдау кезінде балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстарды баяндағанын жеткізді.

"Отбасыларға көмек көрсететін және оларды қиын жағдайдан шығаратын жүйе мен инфрақұрылымды құру. Қазіргі таңда 3 млн-ға жуық отбасы көмекке мұқтаж. Ал баланың әл-ауқаты отбасының әл-ауқатымен тікелей байланысты. Сол себептен бұл функцияны заңмен әлеуметтік қорғау саласына бекіту және 152 ауданда Отбасын қолдау орталығын ашу туралы жеткіздім", - деп жазды ол Фейсбуктегі парақшасында.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейтуге бөлек тоқталды. 

"Қазір елімізде ерекеше қажеттіліктері бар 104 мың бала бар. Олардың және де жетім балалардың өзекті мәселелерін шешетін ұсыныстар айттым. Сонымен қатар, ерекше балаларға жане ауылда тұратын баларға арналған инфрақұрылымды дамытуымыз керек. Балалардың 47 пайызы ауылда тұрады, алайда ауылдардың көбінде балаларға арналған инфрақұрылым саны жеткіліксіз", - деді спикер.

Оның айтуынша, күн сайын балаларға қарсы 6 қылмыс, ал балалар арасында 5 қылмыс жасалады. 

"Күніне 1-2 бала өз-өзіне қол жұмсайды немесе жұмсауға тырысады. Жылына 100 бала терезеден немесе ашық жатқан люктерге құлап кетіп жатыр. Сондықтан заңға балаларға жасалған қылмыстарға берілетін жазаны қатаңдататын, бұл нәрселердің алдын алатын және бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жауапкершілікті күшейтетін түзетулерді енгізу үшін жұмыс істейтін боламыз. Сонымен қатар, отбасыларға, әйелдерге, балаларға арналған мемлекеттік бірыңғай байланыс орталығын құру да маңызды. Балаларға арналған мемлекеттік мекемелердің жағдайын да жақсарту керек. Мысалы, 577 интернаттың жартысы жөндеуді қажет етеді. Мемлекеттік 120 лагерь бар, олардың да жағдайы нашар. Сондай-ақ, балаларға қызмет көрсететін ұйымдарға арналған бірыңғай ережелер мен талаптар енгізу қажет, өйткені кейінгі кездері мекемелерде балалардың жарақаттануы, құқықтарының бұзылуы жиілеп кетті", - деп жалғастырды Динара Зәкиева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу