"QazAvtoJol"-дың 2019 жылдың бірінші жартысында атқарған жұмыстары және алдағы жоспарлары туралы баспасөз конференция өтті. Компанияның басқарма төрағасы Ұлан Әліпов қайта жаңарту жобалары, алдағы 3 жылға қойылған міндеттер мен жоспарлар жайында баяндады.
Оның жеткізуінше, "Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес қазіргі таңда республика бойынша жалпы ұзындығы 4400 шақырымда қайта жаңарту жұмыстары бойынша 14 жоба жүзеге асырылуда, онда 18 мың адам және 12 мыңға жуық техника жұмылдырылған.
Бұдан бөлек 428 шақырымда күрделі жөндеу, 1415 шақырымда орташа жөндеу, 19,6 мың шақырымда күтіп ұстау жұмыстары жасалуда. Аталмыш жобаларға Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс, Орталық-Батыс, Орталық-Солтүстік дәліздері енеді. Сонымен қатар, халықаралық дәліздер мен шекара маңындағы бағыттарға да басымдық беріледі: Алматы-Өскемен, Үшарал-Достық, Бейнеу-Ақжігіт, Қалбатау-Майқапшағай, Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы. Бүгінгі таңда барлық жобалар бойынша сәйкесінше шаралар ұйымдастырылып, жұмыстар жүріп жатыр. Мердігерлік шарттарына қол қойылып, дайындық жасалып, құрылыс жұмыстары басталуда.
Сондай-ақ, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға инвестицияларды тарту бойынша атқарылған жұмыстар жайлы айтылды.
Мемлекеттік емес қарыз есебінен мемлекеттік кепілдікпен Еуропалық қайта құру және даму банкімен және ҚХР ЭКСимБанкімен келісім жасалған. Тартылған қаражаттың есебінен 2019 жылы Талдықорған-Өскемен (763 км), Қалбатау-Майқапшағай (415 км), Меркі-Бурылбайтал (266 км), Астана қ.оңтүстік-батыс айналма жолы (34 км), Күрті-Бурылбайтал (143 км) учаскелерінде жұмыстар жалғасуда.