Елімізде 4,9 млн тонна астық бастырылды

718

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ақмола облысындағы егін жинау науқанының барысымен танысты.

 Елімізде 4,9 млн тонна астық бастырылды

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Бұланды ауданының ірі аграрлық кәсіпорны – "Журавлевка-1" ЖШС жұмысымен танысты, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің егін жинау жұмыстарының барысын тексерді, деп хабарлайды АШМ баспасөз қызметі.

"Журавлевка-1" ЖШС негізінен дәнді, дәнді-бұршақты, майлы, жемдік дақылдар мен көкөністердің өндірісімен айналысады. Кәсіпорын директорының міндетін атқарушының айтуынша, биылғы жылы шаруашылықтың егіс алқабы 59 мың га құрайды. Оның 33,5 мың гектарына бидай, 12 мың га астам жерге арпа, 1 362 га сұлы, 1 543 га күнбағыс, 3 969 га зығыр, 4 879 га рапс, 110 га картоп пен көкөністер, 1 120 га жемшөп дақылдары егілген.

"Барлық жұмыстар барынша механикаландырылған және заманауи кешендермен жүргізілуде. Шаруашылық топырақты минималды және нөлдік өңдеуді қолға алған, органикалық және минералды тыңайтқыштар қолданылады. Қуатты тұқым тазарту кешені бар", – деді Темірболат Андаров.

Сондай-ақ, серіктестіктің қарамағында 20 дестелегіш және 152 астық жинау комбайн мен трактор бар. Барлық техника егін жинау науқанына толық дайын.

Сонымен қатар, "Журавлевка-1" ЖШС мал шаруашылығын табысты дамытуда. Қазіргі уақытта 260 бас қой, 259 бас жылқы және 1547 бас ірі қара, негізінен қазақтың ақ бас тұқымы өсірілуде. Мал жаю үшін 15,7 мың га жайылымдық жер бар. Шаруашылықта 250 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы және шағын мал сою пункті жұмыс істеп тұр. Компанияға облыстың 600-ден астам тұрғыны жұмысқа орналасқан, орташа айлық жалақы 160 мың теңге деңгейінде.

Бүгінде республика бойынша 3,7 млн гектардан астам дәнді және дәнді-бұршақты
дақылдар алқабының 23,6% жиналды, ал өткен жылы осындай күні 3,1 млн га немесе 20,1% жиналған еді. Орташа өнімділік гектарына 13,1 ц болғанда 4,9 млн тонна астық бастырылды (2019 жылы - 3,7 млн тонна).

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу