Елімізде 406 жеке емшара кабинеті лицензиясыз қызмет көрсеткен

129

Денсаулық сақтау министрлігі жеке медициналық ұйымдардың қызметіне бақылауды күшейтті.   

Елімізде 406 жеке емшара кабинеті лицензиясыз қызмет көрсеткен Фото: medina-s.ru

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жүргізген кешенді тексерулер салада жүйелі заңбұзушылықтардың бар екенін көрсетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тексеру нәтижелері

2025 жылы жүргізілген бақылау шараларының қорытындысы бойынша елімізде 400-ге жуық денсаулық сақтау субъектісінің қызметі тоқтатылды. Тексеру барысында 500-ден астам әкімшілік жаза қолданылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 70 млн теңгеден асқан.

Қадағалау тәжірибесінде алғаш рет жедел ден қою тетіктері іске қосылды. Атап айтқанда, медициналық ұйымдардың қызметін уақытша тоқтата тұру, лицензиясыз жұмыс істеген нысандарды жабу және біліктілік талаптарына сай келмеген медицина қызметкерлерін қызметтен шеттету шаралары қолданылды.

Қай бағыттарға ерекше назар аударылды?

Тексерулер ең алдымен жеке емшара кабинеттеріне, наркологиялық және оңалту орталықтарына, сондай-ақ стоматологиялық клиникаларға бағытталды. Нәтижесінде лицензиясыз қызмет көрсету мен медициналық көмек стандарттарын сақтамау фактілері кең таралғаны анықталды.

Еліміз бойынша жұмыс істеп тұрған 1900-ден астам жеке емшара кабинеті анықталып, оның 406-сы, яғни 20,5 %-ы лицензиясыз қызмет көрсеткен. Тексеру және түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 247 кабинет өз еркімен жұмысын тоқтатты.

Жеке наркологиялық және оңалту орталықтары бойынша 39 тексеру жүргізіліп, 14 жағдайда лицензияның болмауы анықталды. Ал стоматологиялық қызмет көрсететін 313 клиниканың 143-і түсіндіру жұмыстарынан кейін өз қызметін тоқтатуға шешім қабылдаған.

Ең жиі кездесетін бұзушылықтар

Министрлік мәліметінше, тексеру барысында анықталған негізгі заңбұзушылықтар мыналар:

  • лицензиясыз қызмет көрсету бойынша 179 хаттама толтырылып, 3,9 млн теңге айыппұл салынған;
  • фармацевтикалық қызмет қағидаларын бұзу дерегімен 85 хаттама жасалып, 19,5 млн теңге өндірілген.

Сонымен қатар біліктілік талаптарына сәйкес келмеу, медициналық көмек стандарттарын өрескел бұзу, тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қолдану фактілері де тіркелген.

Медициналық қызмет: қаржы бар, қадағалау ше?

Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылдан бастап жеке медициналық ұйымдарға бақылауды одан әрі күшейтуді жоспарлап отыр. Оның ішінде ТМККК мен МӘМС шеңберінде кешенді тексерулер жүргізу, лицензиялардың қолданылу мерзімін 5 жыл сайын қайта бағалау, лицензиядан кейінгі бақылауды цифрландыру және жасанды интеллект элементтері бар тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу көзделген.

Министрлік азаматтарға медициналық көмек алар кезде ұйымның лицензиясы мен медицина қызметкерлерінің біліктілігін тексеруге кеңес береді.

Егер заңбұзушылық анықталса, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне еОtinish жүйесі арқылы жүгінуге болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу