banner

Елімізде 5 жаңа мұнай-газ-химия зауыты салынады

2430

Нәтижесінде өндіріс көлемі 9 есе артып, ел экономикасына құйылатын инвестициялар көлемі шамамен 3,9 млрд долларға жетеді.

Елімізде 5 жаңа мұнай-газ-химия зауыты салынады

Энергетика министрлігі Мұнай-газ-химияны дамыту жөніндегі ұлттық жоба әзірлейді. Ведомство басшысы Нұрлан Ноғаевтың айтуынша құжат саладағы түрлі мәселелерді шеше отырып, оны дамытуға мүмкіндік береді, деп хабарлады inbusiness.kz порталы.   

"Жоба кейбір мәселелерді, атап айтқанда, мұнай-газ-химия жобаларын шикізатпен қамтамасыз ету, мұнайгаз-химия кластерін құру, қайта өңдеуді дамыту мәселелерін шешуге баса назар аудара отырып, саланы нақты дамытуға мүмкіндік береді", - деді министр. 

Сонымен қатар үкімет пен инвесторлар арасында жеке келісім әзірлеу мәселесі пысықталуда. Ведомство басшысының айтуынша аталған шаралар 2025 жылға дейін 5 зауыттың құрылысын аяқтауға мүмкіндік береді. 

Оның ішінде, Атырау облысындағы үш зауыт салынады. Біріншісі жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт. Екіншісі техникалық газдар өндіретін кәсіпорын. Оның жылдық қуаты 57 млн текше метр азот және 34 млн текше метр құрғақ сығылған ауа өндіруге жетеді. Сонымен қатар жылдық қуаты 430 мың тонна полиэтелентерефталат өндіруге бағытталған зауыт бар.

Шымкентте қуаты жылына 81 мың тонна полипропилен және Шымкент мұнай өңдеу зауытының шикізаты базасында қуаты жылына 57 мың тонна жанармайға арналған октан арттырғыш қоспаларды өндіретін жаңа зауыттың құрылысы аяқталады. 

Ал Оралда қуаты 182 мың тонна метанол  және гликоль өндіретін зауыт салынатын болады.

"Күтілетін нәтиже – өндіріс көлемі 9 есе артып, 2 млн тонна мұнай-газ- химия өнімін алып, ел экономикасына құйылатын инвестициялар көлемі шамамен 3,9 млрд долларды құрайды. Осылайша, базалық мұнай-газ-химия өнімін өндіру мұнай-газ саласындағы терең өңдеуді дамыту үшін берік негіз болады. Бұл біздің шикізат экономикасын әртараптандыру және технологиялық дамуға ұмтылу жөніндегі мақсатымызға сәйкес келеді", - деп қорытындылады министр.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу