Елімізде 526 мың адам мүгедектігіне байланысты ​жәрдемақы алады

530

Қазақстандықтарға мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы түрінде 195 млрд теңгеден астам қаражат төленді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі осылай деп есеп берді.    

Елімізде 526 мың адам мүгедектігіне байланысты ​жәрдемақы алады

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылғы қаңтар-маусым айлары аралығында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 154,4 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайына әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 41,3 млрд теңге бағытталған.

2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 526 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 171 мың адамды құрайды.

"2021 жылдың маусым айында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 25,6 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 6,9 млрд теңге жұмсалды",– дейді министрліктен.

Айта кетсек, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған "Республикалық бюджет туралы" заңда белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушысының асырауындағы адамдардың санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған "Республикалық бюджет туралы" заңда белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты белгіленеді.

2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 48 701 теңгені, асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 40 225 теңгені құрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу