Елімізде 590 мыңға жуық әйел – кәсіпкер

1001

Биыл 3 кәсіпкерлік орталығы ашылады. 

Елімізде 590 мыңға жуық әйел – кәсіпкер

Қазақстанда 590 мыңға жуық әйел кәсіпкерлік саласында тер төгіп жүр. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Алдымен ол отандық экономиканың дамуына өз үлесін қосқаны үшін әйелдерге алғысын айтты. 

"2002 жылдан бастап әйел кәсіпкерлерге қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары көрсетілді. Осы жылдар арылығында 10 мыңнан аса әйел білім алып, жеңілдікпен кредит алды. Нәтижесінде олар кәсібін ашты", – деді министрдің бірінші орынбасары Қазақстан ауыл әйелдерінің IV форумында.

Оның айтуынша, әйелдер арасындағы кәсіпкерліктің дамып жатқанын шағын және орта бизнестен байқауға болады. Онда олардың үлесі басым.

"Ресми статистикаға тоқталсақ, 2010 жылы елде 73 мың әйел кәсіпкер болған, бұл елдегі бизнеспен шұғылданатындардың жалпы – 26%. 2021 жылғы 1 қаңтардағы мәліметке сүйенсек, Қазақстанда 587 мың әйел кәсіпкер еңбек етіп жүр, бұл кәсіпкерлердің – 43%. Көтерме бөлшек сауда, жылжымайтын мүлік операциялары, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету саласында әйелдердің үлесі 50%-дан жоғары", – деді Тимур Жақсылықов.

Сондай-ақ бірінші вице-министр ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігіне тоқталды.

"Мұнда олар көбінесе ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, ветеринарлық қызмет көрсету, киім тігу, трикотаж өнімдерін шығару және тағы басқа салада тер төгіп жүр. Біз ауылдағы кәсіпкер әйелдердің ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, бизнесте батыл шешім қабылдай алатынын білеміз. Сіздердің саладағы белсенділіктеріңіз облыс, аудан, ауылда ғана емес, тұтас елдің экономикалық өсіміне ықпалын тигізеді", – деді басшы.

Ол әйел кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан да қолдау барын жеткізді.

"2017 жылдан "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылдағы кәсіпкер әйелдерге 17 мыңнан аса кредит берілді, бұл барлық берілген заемның – 32%. Биыл 1 қазандағы мәліметке сәйкес, "Бизнестік жол картасы" бағдарламасы шеңберінде 37 мыңнан аса шағын кәсіпкерлік субъектісіне субсидия берілді, оның шамамен 5 мың жобасын ауылдағы кәсіпкер әйелдер жүзеге асырып жатыр, бұл аталған бағыт бойынша қаржылық қолдау алғандардың 13%", – деді бірінші вице-министр.

Тимур Жақсылықов кәсіпкерлерге 287 млрд теңгеге 25 мыңнан аса кепілдік берілгенін жеткізді. Оның 2 мыңнан аса жобасын ауылдағы әйел кәсіпкерлер басқарады екен.

"Нұр-Отан" партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, елде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығын құру көзделген. Биыл 3 наурызда елде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мақсатында Ұлттық экономика министрлігі, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Президент жанындағы әйелдер ісі бойынша және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия үш жақты меморандумға қол қойылды. Осы жылы 3 орталық ашылады", – деді басшы.

Министрдің бірінші орынбасарын аталған орталық кәсіпкер әйелдерді қолдайтын алаңға айналатынын, онда бірқатар қызмет түрін алуға болатынын атап өтті.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу