Елімізде 62 млн теңгеден астам қарызы бар қазақстандықтың жүргізуші куәлігі уақытша тоқтатылды

411

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот бұл шектеуді заңды деп таныды.  

Елімізде 62 млн теңгеден астам қарызы бар қазақстандықтың жүргізуші куәлігі уақытша тоқтатылды Фото: bestdriver.by

Кассациялық соттың мәліметінше, борышкердің атқарушылық іс жүргізу аясындағы өтелмеген қарызы 62 млн теңгеден асады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бұған дейін жеке сот орындаушысы оның мүлкіне тыйым салып, инкассалық өкімдер шығарып, елден шығуына шектеу қойған және мүлкін іздестіру шараларын жүргізген. Алайда бұл әрекеттер сот шешімінің орындалуына әсер етпеген.

Осыдан кейін жеке сот орындаушысы борышкердің жүргізуші куәлігінің қолданылуын уақытша тоқтату және оған жүргізуші куәлігінің басқа санаттарын алуға тыйым салу туралы сотқа ұсыныс енгізген. Бұл талапты бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар қанағаттандырды.

Борышкер жүргізуші куәлігі өзінің негізгі табыс көзі екенін айтқанымен, оны растайтын дәлелдер ұсынбаған. Сондай-ақ сот берешекті өтеуге кедергі келтіретін дәлелді себептерді анықтамаған.

Кассациялық сот "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заңға сәйкес, егер борышкер ірі көлемдегі қарызды өтеу жөніндегі сот шешімін дәлелді себепсіз орындамаса, мұндай шектеу қолдануға болатынын атап өтті.

Нәтижесінде кассациялық шағым қанағаттандырылмай, төменгі сатыдағы соттардың шешімдері өзгеріссіз қалдырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу