Елімізде алдағы 5 жылда 7 мың шақырым жол ақылы болады. Мұны инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек үкімет сағатында баяндады, деп хабарлайды 24.kz.
Оның айтуынша, осы жылдың соңына дейін Астана-Теміртау және Алматы-Қорғас бағытындағы тасжолмен жүру үшін ақы алу жоспарланып отыр. Тариф өзгермейді. 1 шақырымның бағасы – 1 теңге.
Айта кетейік, ақылы автомагистралдарды жөндеу жұмысына бюджеттен қаражат бөлінбейді. Жыл сайын жиналатын 1 млрд теңгеден астам ақша жолды күтіп-ұстауға жеткілікті.
"2020 жылға дейін 6 мың шақырым жол ақылы болады деген жоспар бар. 2022 жылға дейін 7 мың жол. Ол Астана-Теміртау және Алматыдан Қорғасқа дейін баратын жолдар ақылы болады. Жалпы жылына 400-500 шақырым республикалық маңызы бар жолды ақылы қылуды жоспарлап отырмыз", – дейді Жеңіс Қасымбек.
Мәжіліс депутаттары жаңа жолдардың сапасы сын көтермейтінін айтып отыр. Мәселен Алматы-Орал бағытындағы жолда шұңқырлар мен ойықтар кездеседі. Көктемгі су тасқыны кезінде "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" көлік дәлізінің Жамбыл облысындағы учаскесінде 11 шақырым жолда уақытша қозғалыс тоқтатылды. Осыған орай тексеріс жүргізу қажет.
"Автомобиль жолдарына жөндеу жұмысы жүргізіліп, қайта қалпына келтірілгеннен кейін көп ұзамай тез бүлінетін жағдайлар жиі кездеседі. Осыған байланысты министрлік пен құқық қорғау органдары жұртшылықты, тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, пайдалануға берілетін автомобиль жолының сапасы бойынша аудит пен ревизия жүргізу қажет. "Қазавтожол" ҰК келісімшарт міндеттемесін адал орындайтын компаниялармен жұмыс істеуі тиіс", – дейді мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.