Елімізде 70 мыңнан аса студентке жатақханадан орын тапшы

590

Қазақстанда 1 миллионнан астам студент бар.

Елімізде 70 мыңнан аса студентке жатақханадан орын тапшы Фото: el.kz

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жатақхана тапшылығы туралы депутаттық сауал жолдады.

Халық қалаулысының сөзінше, бүгінде студенттерге жатақхана жетіспеушілігі 70 мыңнан астам орынды құрап отыр. 

"Яғни 70 мың студент пәтер жағалап, оқуды емес, керісінше пәтерақының қамымен жүргені анық", - деді ол.

Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше, 2023 жылдың жоспарына сәйкес 11 400 орындық 34 жатақхана іске қосылуы тиіс болған. Алайда бұл процесстің өте баяу, әрі тиімсіз шаралардың әсерінен орындалмай қалу қаупі жоғары, деп жалғастырды спикер.

"Студенттік жатақхана ең маңызды әлеуметтік нысан екенін ескеретін уақыт жетті. Жыл бел ортасына жетсе де, 6 айда 11 мың орыннан астам салынуы тиіс жатақханалардың тек 900 орындық екеуі ғана, яғни 8 пайызы ғана іске қосылды. Екіншіден, сол тізімдегі жатақханалардың 2,2 мың орны мүлдем салынбай қалу қаупінде тұр. Яғни қойылған меже де, берілетін студенттік жатақханаларда салынбайды деген сөз", - деді мәжілісмен.

Депутат бұл мәселені депутаттар өз қаперінен жібермегенін жеткізді. 

"Алайда, Үкіметте еститін құлақ жоқ секілді әрдайым проблеманы айтып, оны бірге шешуге мәжбүрміз. Үшіншіден, жергілікті әкімдіктер әлі де болса студенттік жатақханаларды салуға мүдделі емес екендіктерін нақты көрсетіп отыр. Оның ішінде білім беру ұйымдарына жер бөлу, ғимараттардың нысаналы мақсатын өзгерту, қажетті құжаттарды реттеу бойынша жұмыстарды бюрократияға айналдырып отыр. Үкімет тарапынан жатақхана салу бойынша "қалдықты принципті" ұстану жас студенттерге жасалған әділетсіздік деп санаймын", - деп атап өтті Елнұр Бейсенбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу