Мемлекеттік кірістер комитеті әлеуметтік желілерде танымал 850-ге жуық блогерден 500 млн теңгеге жуық салық өндірді. Бұл жайында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің департамент директорының міндетін атқарушы Ерқанат Шыңберген "24KZ" арнасындағы "Түйін" бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жауапты орган 2022-2023 жылдар үшін бақылау жүргізген.
"Егер камералық бақылау туралы хабарлама орындалмайтын болса, салықтық тексеруге шығамыз. Тексеру нәтижесінде біз бұл салықты тіпті жеке шотына енгізіп, төлетуге мүмкіндігіміз бар. Осындай мәжбүрлеу шаралары бар. Одан басқа, ӘҚБК-ке сай шаралар бар. Бірінші бұзушылық үшін ескерту беріледі", – деп түсіндірді Ерқанат Шыңберген.
"Табыс тек ақшалай қаражат ретінде саналмайды. Белгілі бір мүлік болсын, сыйлық болсын әрдайым табысқа жатады. Одан тиісінше салық төленуі қажет. Көбіне жарнама фактілеріне назар аударамыз. Себебі, бізде блогерлер көбіне жарнама арқылы табыс табады. Жалпы желілерде табыс табу мақсатында жарияланым болса бұларды, міндетті түрде кәсіпкерлік қызмет деп есептейміз", – деп жауап берді спикер.
Түрлі мемлекеттік органдардан, банктерден алынған ақпараттар талданып, декларациялармен салыстырылады. Егер деректер декларацияда көрсетілген ақпаратпен сәйкес келмесе, яғни, салық төлемеу немесе кірістерді азайтып көрсету секілді мәселелер байқалса, камералық бақылау нәтижесі бойынша азаматқа хабарлама жолданады.
Хабарламаны орындаудың екі тәсілі бар:
- Біріншісі, декларацияда сомаларды көрсетіп, тиісінше салық төлеу;
- Екінші тәсілі, егер салық төлеуші көрсетілген бұзушылықтармен келіспесе, түсіндірме арқылы дәлелдеу мүмкіндігі бар. Ол үшін 30 күн беріледі.