2022 жылдың төртінші тоқсанында Қазақстанда жұмыспен қамтылған халық саны 9 млн-ға жуықтады. Бұл 2021 жылға қарағанда 1,7%-ға көп. Оның ішінде қалалық жерлерде жұмыспен қамтылғандар 4,6%-ға дейін артты (5,5 млн адам), ал ауылдық жерлерде бір жылда 2,4%-ға дейін азайды (3,5 млн адам), деп жазады inbusiness.kz finprom.kz порталына сілтеме жасап.
Еңбекпен қамтылғандардың 94,5%-ы негізгі жұмыс орнында еңбек етеді. Тағы 4,2%-ы негізгі жұмыспен қатар жеке кәсіпте және қосымша жұмыста болса, 1,3%-ы негізгі және қосымша жұмысты қатар алып жүр.
Білім деңгейі бойынша келер болсақ, 4 млн адамның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі, 4,4 млн адамның техникалық және кәсіптік білімі, 582,6 мың адамның бастауыш, негізгі, жалпы орта білімі бар.
Жұмыспен қамтылғандардың ішінде 6,8 млн адам – жалдамалы қызметкер, 1,6 млн адам – жеке кәсіпкер, 498,1 мың адам – фрилансерлер, 19,8 мың адам – жеке тәжірибемен айналысатын адамдар, 5,8 мың адам – шаруашылық серіктестіктердің құрылтайшылары (қатысушылары) және акционерлік қоғамдардың құрылтайшылары, акционерлері (қатысушылары), сондай-ақ өндірістік серіктестіктердің мүшелері болып есептелетін жеке тұлғалар болды.
Өңірлік бөліністе жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны Алматыда: 1 млн адам. Үздік үштікте Түркістан (793,8 мың адам) және Алматы (677,9 мың адам) облыстары да бар. Ең аз жұмыспен қамтылғандар Ұлытау (101,7 мың адам), Солтүстік Қазақстан (277,2 мың адам) және Абай (287,1 мың адам) облыстарында тұрады.
Салалар бойынша еңбекпен қамтылғандардың ең көбі көтерме және бөлшек сауда, автожөндеу саласында істейді: 1,5 млн адам.
Халық жұмыспен қамтылған негізгі үш салаға білім (1,2 млн адам) және ауыл, орман және балық шаруашылығы (1,1 млн адам) да кіреді.