Енді ел жүргізушілері өз атының бас әрпі мен ұнатқан сандары бар көлік нөмірлерін сатып ала алады, деп хабарлайды Today.kz "КТК" арнасына сілтеме жасап.
Қызметтің мұндай түрін Ішкі істер министрлігі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының көмегімен 15 қаңтардан бастап жүргізе бастаған. Әдемі нөмірлерді таңдау үшін жүргізушілер сол орталыққа барып өтініш толтыру керек. Жалпы, әдемі нөмірлер саудасы 2014 жылдан бері жүргізіліп келеді. Бұл жолғы жаңалық, әркім әріптерді өзі қалаған күйінде жаздыра алады. Бірақ, оның өзіндік құны да бар. Мәселен, 010, 020, 030 деген нөмірлер шамамен 138 мың теңге тұрады. Ал оған қалаған әріптерді қоссаңыз, 276 мың теңгеден асып жығылады.
"Әріптерді таңдауға мүмкіншілігі бар. Сол әріптермен көрсетілген нөмірлерді таңдап өзінің өтінімін қалдырып, өзінің автокөлігіне тіркеуге мүмкіншілігі бар. Жоғарғы санаттағы нөмірлерге соңғы қосылған 2018 жылғы 200-ге жуық мемлекеттік жоғарғы сұраныстағы нөмірлер сатылды", - дейді Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы басшысының орынбасары Еркебұлан Амантаев.