Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте АЭС бойынша рефрендумға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналистер ведомство басшысынан АЭС бойынша референдум қашан болатынын сұрады.
"Жағдай өзгерген жоқ. Өңірлерге шығып, тұрғындармен және қызығушылық білдірген тараптармен кездесу жүргізіліп жатыр. Бұл жобаны іске асырудың артықшылықтары туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан да осы жұмыстың нәтижесі бойынша Үкімет тиісті шешім қабылдайтын болады деп ойлаймын", - деді Сәтқалиев.
Министр референдум өткізілетін күн бойынша ақпарат жоқ екенін айтты.
"Бірқатар өңірде қоғамдық тыңдалым өткіздік, тұрғындар тарапынан айтарлықтай қызығушылық пен қолдау бар екенін байқап отырмыз. Осы жобаны жүзеге асырудың ықтимал қатерлеріне қатысты аргумент айтқан белсенділер де бар. Сұрақтардың бәріне жауап берілді, оған ғылыми қауымдастық жұмылдырылды", - деп түсіндірді ведомство басшысы.