Алматыда бірегей "ақылды жылыжай" іске қосылды. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті базасындағы жобаны Корея мен Қазақстан ғалымдары бірлесіп жүзеге асыруда, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Ақылды жылыжай" жобасының мақсаты – жабық алаңда көкөніс дақылдарын өсіру бойынша инновациялық технологияларды таныстыру және тарату. Оның жалпы ауданы 1 гектарды алып жатыр. Өндірістік қуаты жылына 400-450 тонна көкөніс пен жидекке (қызанақ, қияр, құлпынай және т.б.) есептелген.
Оқу-тәжірибелік шаруашылықта инновациялық жылыжайды пайдалану ҚазҰАЗУ студенттері, магистранттары мен докторанттарына көкөніс дақылдарын өсіру технологиясын практикада игеруге, жылыжай шаруашылығының "смарт-технологиялары" бойынша ауыл кәсіпкерлері үшін түрлі семинарлар, тренингтер өткізуге мүмкіндік береді.