Елімізде ақылы жолдың төлем ережесі өзгерді

178

Сала мамандары жүргізушілерге қосымша уақыт беріп отыр.       

Елімізде ақылы жолдың төлем ережесі өзгерді Фото: QazAvtoJol

Көлік министрлігі ақылы жолдарымен жүру ақысын төлеу тәртібіне өзгерістер енгізді. Тиісті бұйрыққа қол қойылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Жаңа өзгерістер ақылы жолдарды пайдаланушылар үшін төлем жасау тәртібін жеңілдетіп, икемдірек етуге бағытталған. Сондай-ақ жолақысын уақытында төлемегені үшін жүргізушілердің әкімшілік жауапкершілікке тартылу жағдайларын азайту көзделіп отыр, – делінген хабарламада.

Бұған дейін қолданыста болған нормаға сәйкес, жүргізуші жолақысын 7 күнтізбелік күн ішінде төлемеген жағдайда, 8-күні материалдар Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексіне сәйкес қарау үшін көліктік бақылау органдарына жіберілетін.

– Енді жаңа тәртіп бойынша, егер жеке тұлға жол жүрген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде төлем жасамаса, материалдар 31-күні заңнамада белгіленген тәртіппен көліктік бақылау органдарына жолданады, – деп хабарлады ведомстводан.

Сонымен қатар алғаш рет жеке және заңды тұлғалар үшін бөлек тәртіп енгізіліп отыр. Егер заңды тұлға есепті айдан кейінгі айдың 20-сына дейін төлем жасамаса, материалдар келесі күні көліктік бақылау органдарына жіберіледі.

Аталған өзгерістер республикалық маңызы бар ақылы жол учаскелерімен жүргені үшін төлем жасауға жүргізушілерге қосымша уақыт береді.

Қол қойылған бұйрық Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу