Елімізде алғаш рет аудан және қала әкімдерінің сайлауы өтті

399

5-қарашада елімізде алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы болды.

Елімізде алғаш рет аудан және қала әкімдерінің сайлауы өтті Фото: kostanaytany.kz

Пилоттық жоба ретінде өткен саяси науқанда 42 ауданның және 3 қаланың басшысы таңдалды. Негізінен сайлауға түскен кандидаттардың ішінде сол ауданды бұған дейін басқарған әкімдер бар және солардың көбісі өз орындарын сақтап қалды. Мәселен, Павлодар облысында үш ауданда өткен сайлауда әкімдер өз орнында қалды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Павлодар облысында үш ауданда әкім сайлауы өтті. Біз Омбымен шектесетін Железин ауданына ат шалдырдық. Ақтоғай мен Шарбақты аудандарына қарағанда мұнда шынайы тартыс бар. Өйткені, саяси додаға екі партиядан үміткер таласқа түсті. Біреуі Аманаттан, енді бірі Ақжолдан, ал үшіншісі өзін-өзі ұсынушы.  

"Железин ауданы бойынша 10443 сайлаушылар тізімге енгізілген. Қазіргі таңда 33 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. 171 комиссия мүшелері жұмыс жасап жатыр. Төрт кандидат болды бір кандидат өз еркімен кандидаттықтан шығып кеті", - дейді Железин аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Алтын Кәрімова.

Жалпы, Павлодар облысында азаматтардың әкім сайлауына қатысу белсенділігі аса жоғары болмады. Мәселен, Железин ауданында сайлауға қатысу елу пайызға да жеткен жоқ. Соған қарамастан сайлаушылардың басым дауысына ие болған, бұған дейін осы ауданды басқарған Айтуған Шайхимов жеңіске жетті. Әйтсе де, ақжолдықтар бірқатар заң бұзушылықтарды байқапты.

"Сайлау барысында бірнеше заң бұзушылық анықталды. Мысалы, Үрлітүп сайлау учаскесінде біздің партиямыздың бақылаушысын шығарып жіберген. Осы Железин ауданында төрт учаскесінің бірінде сайлаушы екі бюллетенмен кабинкаға кірген. Веселея роща учаскесінде бақылаушылар жолдамаларын толтырмай кірген", - дейді "Ақжол" партиясы ПОФ төрағасының орынбасары Гүлмира Мусинова.

Дегенмен, ел тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау айтарлықтай дау-дамайсыз өтті. Бірлі жарым ауыс-түйісті айтпағанда, көп жағдайда бұған дейін аудан басқарған аманаттық әкімдер өз орындарын сақтап қалды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, өткен жылдың наурыз айында Қазақстанда аудан әкімдерінің сайлауын енгізуді жеделдету қажет деді. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес жергілікті деңгейде әкімдерді сайлау институты кезең-кезеңімен енгізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу