Аурухананың бас дәрігері, профессор Манас Рамазановтың айтуынша, жобаны алматылық жас ІТ-мамандар жасап шығарған. Осылайша жасанды интеллекттің көмегімен алғашқы ота дәл осы ауруханада жасалды. Әзірге жүйе пилоттық режимде жұмыс істейді, алайда бағдарлама өзінің тиімділігін көрсетіп те үлгерді.
"Алғаш болып Қан-тамырлары нейрохирургиясы бөлімшесінің дәрігерлері ишемиялық инсульт алған науқасқа ота жасады. Науқас аталған аурухананың қабылдау бөліміне сол жақ денесі мүлдем қимылсыз, бетінде ассиметриямен және құлағы еш естімейтін жағдайда түскен еді. Тез арада компьютерлік томографияға жасалып, нәтижелер "Cerebra" жүйесінде өңделді. Шұғыл түрде бас миының оң жақ ортаңғы артериясына механикалық тромбоэкстракция жасалды. Отадан кейін науқас есін жиып, екі аяғын тең басатын деңгейге жетті, тек қолында әлсіздік бар. Науқас енді оңалту ем-шарасын қабылдамақ", – деді Қан-тамырлары нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Рауан Қастей.
Оның сөзінше инсульт кезінде мидағы қан айналымын, ағза жұмысын қалпына келтіру бастапқы 4,5 сағатта ғана мүмкін. Ал алматылық жас ІТ-мамандардың жасап шығарған автоматтандырылған платформа инсульттың бар-жоғын 5-10 минутта анықтап, мидың қан тамырларындағы өзгерісті жылдам көрсетеді.
"Бұл клиникалық-диагностикалық бағдарлама инсультты ерте деңгейде анықтап, бірден ишемияға ұшыраған аймақты білуге, уақытында емді бастауға, ота жасауға қарсы көрсетілімнің бар-жоғын анықтауға мүмкіндік береді", – дейді Рауан Қастей.
Еске сала кетсек, осы жылдың 22 қаңтар күні ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Алматы қаласына жұмыс сапары кезінде Алматы қалалық №7 клиникалық ауруханасына келген еді. Министрге "Cerebra" бағдарламасы таныстырылды. Журналистерге берген сұхбатында Бағдат Мусин, әсіресе, медицина саласында мұндай жобалардың маңыздылығын және жасанды интеллект негізінде оны ары қарай дамыту қажеттігін атап өтті.
"Cerebra" жобасын жуырда Алматы и Нұр-Сұлтан қалаларының басқа да ірі клиникаларында енгізу жоспарланып отыр.