Қарағанды облысының Нұра ауданында "Шұбаркөл Премиум" көмір разрезінде көмірқышқыл зертханасының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды өңір әкімдігі.
Бұл жоба - SGS компаниясының аймағымыздағы ірі көмір шығарушы кәсіпорнымен әріптестік жасауының нәтижесі.
"Бұл біздің Қазақстан аумағындағы алғашқы SGS көмірқышқыл зертханамыз. SGS – әлем бойынша көмірді инспекциялау және сертификаттау саласында қызмет көрсететін ғаламдық компания. Зертхананың ашылуы "Шұбаркөл Премиум" кәсіпорнына өзінің клиенттік базасын ұлғайтуға және экспорттық нарықтарға шығуға зор мүмкіндік береді. Біз нәтижелі серіктестік орнайтынына үміттіміз. Барлық әлемдік трейдтер біздің сертификаттарымызды қабылдайды және шығарылатын өнімнің сапасына сенімді бола алады", - деді Минералды шикізат департаментінің жетекшісі Алексей Зотов ашылу салтанатында.
Осыған дейін көмірді ресейлік Новокузнецк қаласына тасымалдау керек болатын. Енді ол сараптамаларды жергілікті жасау мүмкіндігі туды. Зертхана базасында көмір шығаратын кәсіпорындарға халықаралық үлгідегі сапа сертификаты берілетін болады.
"Бұл Біздің "Шұбаркөл Премиум" компаниямыздың үлкен қадамы. Біз жас компаниямыз, алайда тез дамып келеміз. SGS-тің көмір өнімдерінің сапа басқару тәжірибесін ескерсек, дәл біздің көмірдің тек Қазақстанның ғана емес, Ресей нарығына да шығатынына үміттенеміз", - деді "Шұбаркөл Премиум" көмір разрезінің бас директор орынбасары Александр Лонтковский.
Қазіргі таңда көмірқышқыл зертхана алты түрлі зерттеулер жүргізеді. Келешекте қызмет түрлерін кеңейту көзделуде. Зертхана аттестаттаудан өтуі тиіс. Барлық кәсіпорындар көмірлерін осында сараптамаға тапсыра алады.
Айта кетейік, SGS компаниясы – инспекциялық қызмет, сараптама, сынау және сертификаттау саласындағы әлемдік көшбасшы. Дүние жүзі бойынша SGS-дің 2000-нан астам кеңселері мен зертханалары жұмыс істейді. Оларда 90 мыңнан астам адам жұмыс атқарады.