Елімізде аллергияға қарсы инновациялық дәрі сынақтан өтіп жатыр

249

Жоба Денсаулық сақтау министрлігінің 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми-техникалық бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда.

Елімізде аллергияға қарсы инновациялық дәрі сынақтан өтіп жатыр Фото: ДСМ

Денсаулық сақтау министрлігі елдегі маусымдық аллергияның ең кең таралған себептерінің бірі – жусан тозаңына аллергияны емдеуге арналған отандық препараттың клиникалық зерттеуінің II кезеңін бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Негізгі мақсат – аллергияны емдеуді пациенттер үшін қолжетімді әрі ыңғайлы ететін қазақстандық препарат әзірлеу.

Мамандардың мәліметінше, жусан тозаңына аллергия Қазақстандағы ең жиі кездесетін маусымдық аллергиялардың бірі болып табылады. Әсіресе жаз және күз мезгілдерінде адамдар мұрыннан су ағу, түшкіру, көзден жас ағу және тыныс алудың қиындауы сияқты белгілерге жиі тап болады.

Жаңа препаратты заманауи рекомбинантты аллерген негізінде қазақстандық ғалымдар әзірлеген. Өндіріс халықаралық GMP стандарттарына сәйкес отандық OtarBioPharm кәсіпорнында жүзеге асырылады.

Әзірлеменің басты артықшылықтарының бірі – емдеу курсының қысқалығы. Дәстүрлі аллерген-спецификалық терапия ұзақ уақытқа созылуы мүмкін болса, жаңа препарат апталық аралықпен бар болғаны төрт теріасты инъекциясын енгізуді көздейді.

Бұған дейін еріктілердің қатысуымен клиникалық зерттеулердің бірінші кезеңі аяқталған болатын. Зерттеушілердің мәліметінше, елеулі жанама әсерлер тіркелмеген, ал алдын ала нәтижелер аллергенге сезімталдықтың төмендегенін көрсеткен.

2026 жылғы 24 сәуірде Денсаулық сақтау министрлігі клиникалық сынақтардың II кезеңін өткізуге ресми рұқсат берді.

Зерттеу "Медцентр-Рахат" базасында жүргізіліп жатыр. Оған жусан тозаңына аллергиясы расталған 138 пациент қатысады.

Бұл жоба отандық ғылым мен биофармацевтиканы дамытудағы, сондай-ақ Қазақстанда инновациялық дәрілік препараттарды әзірлеудегі тағы бір маңызды қадам болды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу