Қазақстанда 2018 жылдан бері геологиялық барлауға 420 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі маусым айында 50 қазақстандық кен орны жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасында электронды аукционға шығарады. Аукцонға АҚШ, Еуроодақ және Қытайдан компаниялар өтініш беруге ниетті. Кейбір пайдалы қазбалар жиналатын орындар тиісті құжаттаманың болмауына байланысты әлі жарияланбаған.
"Алтын, күміс, көмір және сирек кездесетін металдардың 50 кен орны бойынша электрондық аукцион өткізу жоспарда бар. Бұл перспективалы нысандарға қолжетімділікті одан әрі кеңейтеді. Сонымен қатар, біз тек қана минералдық-шикізат базасын кеңейтіп қоймай, жер қойнауын пайдалану моделін қайта қарауымыз қажет. Қазақстан "өндіру-өңдеу-қалдықтар" сияқты үлгіден біртіндеп бас тартады", – деді Иран Шархан Астанада өтіп жатқан XV халықаралық тау-кен металлургия конгресінде.
Вице-министр геологиялық деректерді цифрландырудың және инвесторлар үшін ашықтық пен тең жағдайларды қамтамасыз ететін CRIRSCO халықаралық стандартын енгізудің маңыздылығын атап өтті. Экспортты реттеу мәселесіне тоқталған Иран Шархан бұл тетік экспортты шектемей, керісінше, ішкі өндірістік қуаттарды тиімді пайдалануға бағытталғанын атап өтті.
"Мәселен, 2022 жылдан бері алюминий өңдеу көлемі 83%-ға, ал мыс – 33%-ға артқан. Біз 2026 жылға дейін барлау жұмыстарын 1,9 млн шаршы шақырымнан 2,2 млн шаршы шақырымға дейін кеңейтуді жоспарлап отырмыз", – деді вице-министр Иран Шархан.
Конргессте геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров "Қазақстандағы геологиялық барлау: қазіргі жағдайы, сын-тегеуріндері мен шешімдері" атты сессияда баяндама жасап, жер қойнауын пайдаланудағы орнықты тәжірибелер, геологиялық барлауда цифрландыру мен инновациялар, сондай-ақ халықаралық бастамалар мен бірлескен жобаларды талқылады.
"Қазақстанның геологиялық саласын дамыту тұжырымдамасы аясында жер қойнауын мемлекеттік геологиялық барлаудың тиімділігін арттыру, оның ішінде жер қойнауын зерттеу тәсілдерін қарастыру бойынша іс-шаралар жүзеге асырылуда", – атап өтті комитет төрағасы Ерлан Ақбаров.
Айта кетейік, Астанадағы халықаралық тау-кен металлургия конгресіне 20 мемлекеттен 1300 делегат қатысып, ал халықаралық көрме аясында Қазақстан, Германия, Канада, Кипр, Қытай, Ресей, АҚШ, Түркия, Франция, Швейцария, Швеция, Жапониядан 50 компания өз өнімдерін ұсынып отыр.